

Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілімен өңірдің бас құтқарушысы кездесті
2023 жылдың 1 тамызында Қызылорда облысы ТЖД ғимаратында маңызды жиын өтті. Жиын барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қорғау және қауіпсіздік департаментінің Қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джастин Аллим Рашид Қызылорда облысы ТЖД бастығы полковник Руслан Қайрақбаевпен кездесті.
Жалпы Біріккен Ұлттар Ұйымы 1945 жылы құрылды. Қазіргі уақытта 193 мемлекет аталмыш ұйымның мүшелері болып табылады. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі барлық ұлттар жиналып, ортақ мәселелерді талқылап, бүкіл адамзатқа пайда әкелетін ортақ шешімдерді таба алатын орын. Ұйымның ұраны: «Ғаламшарда бейбітшілік, қадір-қасиет және теңдік».
Джастин Рашид 2021 жылғы мамырдан бастап БҰҰ Қорғау және қауіпсіздік департаментінің Қауіпсіздік бойынша кеңесшісі қызметін атқаруда. Оған дейін ол Йеменде, Нигерияда, Иорданияда, Ұлыбританияда, Таяу Шығыста түрлі салада қызмет еткен. Ол Ұлыбританиядағы Эксетер университетінде, Корнелл университетінде, Оңтүстік Калифорния университетінде білім алған Ұлыбритания азаматы.
Сонымен бірге аталмыш кездесу барысына БҰҰ Қорғау және қауіпсіздік департаментінің Қауіпсіздік бойынша кеңесшісінің көмекшісі Ольга Бикбаева, Қызылорда облысы ТЖД бастығының орынбасары подполковник Б.Әбдіқадыров, Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығының міндетін атқарушы капитан Ж.Жүгінісов, Дағдарыс жағдайында басқару басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Ә.Марданов, Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі А.Оразбеков қатысты.
Мақсаты: БҰҰ-ның ҚР Қауіпсіздік департаменті мен ҚР Үкіметінің өңірлердегі қауіпсіздік құрылымдары арасында жұмыс қатынастарын орнату. Ағымдағы және болашақтағы бағдарламаларды жүзеге асыру.
Кеңес соңында олар бірлесіп жұмыс істеуге, болашақта құрылымдар арасында жұмыс қатынастарын орнатуға, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою қажеттілігіне қарай бірлесіп жұмыс істеуге келісті.
Қызылорда облысы ТЖД
Баспасөз қызметі